Бүгінгі жетістіктеріміздің бәрі - Тәуелсіздіктің жемісі. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі форум Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып отыр. Тәуелсіздік біздің ең басты құндылығымыз, ата-бабамыздың сан ғасыр аңсаған асыл арманы. Бүгінгі жетістіктеріміздің бәрі осы Тәуелсіздіктің жемісі. Егемендіктің арқасында тіліміз бен ділімізді, тарихымыз бен дәстүрімізді, мәдениетіміз бен руханиятымызды жаңғырттық. 30 жылдың ішінде жүйелі әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асырып, мемлекеттілікті мызғымастай етіп қалыптастырық. Бүгінде дүниежүзі Қазақстанды тұрақты, әлемдік аренада абырой-беделге ие, достыққа берік ел ретінде таниды», - деді Сенат спикері Қазақстан әлеуметтанушыларының VII конгресінде.
Оның атап өтуінше, мұның бәрі ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық саясатының нәтижесі екені сөзсіз. Осы саясаттың сабақтастығын қамтамасыз етіп, елімізді жаңа белестерге шығару үшін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүйелі жұмыстар жүзеге асырып жатыр.
«Біздің алдағы мақсат-мүддеміз айқын. Басты міндет - елдігімізді еңселету және Тәуелсіздігімізді одан ары нығайту. Осы жолда бүгінгідей басқосулардың да маңызы зор. Бүгін айтылған пікірлер мен ұсыныстар елдікмүддеге игі әсерін тигізеді деп сенемін», - деді Мәулен Әшімбаев.