Фото: egemen.kz
Алматыдағы А.П.Чехов атындағы кітапханада ақын, қоғам қайраткері Ғұмар Қараштың туғанына 150 жыл толуына орай «Ғұмар Қараш шығармашылығы және философиялық көзқарас» атты дөңгелек үстел өтті, – деп хабарлайды Ult.kz.
Фото: chekhov_kitaphanasy парақшасынан
Белгілі зерттеуші, ғалым Мақсат Тәжімұрат Ғұмар Қараш еңбектерінің тереңдігі мен маңызын сөз етіп, өз зерттеулерінен қызықты деректер келтірді.
Фото: chekhov_kitaphanasy парақшасынан
«Жәдидия – тереңіне бойлай бермейтін аса күрделі құбылыс. Оны түгел толғау үшін жойқын зерттеу жазу керек. Ол өзінің ұстаздары сияқты діни көзқарастарын батыстық философиямен араластырып жіберіп отырды. Оған орыс жазушыларының көзқарастары да, еуропалық философтардың пікірлері де ұнағандықтан, дүниетанымын олармен тоғыстыруы да заңды құбылыс. Бірақ, ол ислам дінінің философиясын да ұмыт қалдырған жоқ еді. Дегенмен, оның діни идеяларын сараптауда, осындай әртараптанған бағдар айтарлықтай қиындықтар туғызады. Осы тұста, Ғұмар Қараштың көзқарастарын зерттеушілердің мына пікірін мысалға алуымызға болады. Жалпы Ғұмар араласқан тұлғаларды білуіміз Қарашты тануымызды, кеңірек алғанда жәдидияның сырын ашу ісін көп жеңілдетеді», – деді ғалым Мақсат Тәжімұрат.
Ұлттық кітапхананың өкілі Гүлшат Мәсәлімқызы слайд арқылы ақынның сирек кездесетін еңбектерін таныстырып, олардың тарихи және әдеби құндылығын айшықтады. ҚР Ұлттық кітапханасы, Сриек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің қызметкері Ертай Біләл Ғұмар Қараштың педагогикалық еңбектеріне тоқталып, оның ағартушылық бағыттағы мұрасының маңызын ашып көрсетті. Ол кеш барысында ақынның жалынды жыры – «Алашқа» өлеңін тебірене оқып, жиналған жұртшылықты ерекше әсерге бөледі.
Фото: chekhov_kitaphanasy парақшасынан
«Ғұмар Қараш жастайынан оқуға құштарлығы оянып, білім алуды діни тұрпатты мекемелерден бастағандықтан, сол дәуірде ислам дінін қайта өркендету татар миссионерлері мен ағартушылық орындары арқылы қолға алынғандықтан, ХІХ ғасырдағы қазақ ағартушылығының негізгі беталыстарының бірі де діни бағдарға негізделгендіктен, оның дүниетанымы да діннен, атап айтқанда, ислам дінінен тыс бола алмады. Осы тұста, алдымен, оның діни көзқарастарын сараптаудың негізгі ерекшеліктері мен қиындық тудыратын қырларына тоқталып өтуіміз қажет. Бірінші, оның дінге қатысты көзқарастары бастапқыда діни философияны негіздеп, кейіннен, дін философиясы аясында өрбігендігі. Себебі, діни философия сенімді тек қана негіздей түсудің теориялық-практикалық жақтарына көбірек назар аударса, дін философиясы оны сырттан бақылайтын және баға беретін, сипаттайтын сараптамалармен жалғасын табады. Ғұмар Қараш та жас кезінде және есейген шағында осындай екі бағытта болды. Екінші, ойшылдың көзқарасы исламның әр түрлі ағымдарымен келіп түйісетіндігі де және бір ағымның ішіндегі әр бағытты қолдағандығы да айтарлықтай қиындықтар туғызады. Ол балаң кезінде таза софылықты ұстанса, жас кезінде одан алшақтап, дәстүрлі исламға бет бұрды, одан кейін жәдидшілдік бағытқа ауысты», – деді философия ғылымының докторы Берік Аташ.
Шараға жиналған студенттер тақырыпты терең талқылап, Ғұмар Қараштың қоғамдағы орны мен шығармашылығы төңірегінде мазмұнды сұрақтар қойды. Қонақтар да ой бөлісіп, оның жан-жақты тұлға екенін атап өтті.
Шараның сәнін Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер Академиясының студенттері аша түсті. Олардың әсерлі өнері көрермендерді тәнті етіп, рухани кешке ерекше әр берді. Осылайша, Ғұмар Қараштың бай мұрасын дәріптеген бұл жиын тың деректерге толы, ұмытылмас сәтке айналды.
Ғұмар Қараш – педагогика тарихында өзіндік орны бар белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы-педагог, ғалым, ақын. Ол XX ғасырдың бас кезінде озық қызметімен танылған халқымыздың біртуар ұлдары, қазақ зиялылары А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердиев, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, М.Шоқай, М.Жұмабаев, Б.Майлин сынды тұлғалармен замандас болған.
Ақын Бөкей Ордасындағы Қырқұдық деген жерде 1875 жылы кедей шаруаның әулетінде дүниеге келді. Өте ерте жетім қалып, ағайын-туғандарының қолында тәрбиеленіп, ауыл молдасынан сауатын ашады. Ғұмар жастайынан-ақ өлеңдер шығарып, ел аузындағы әдеби мұраларды жалғастырды. ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ даласына тарайтын – арабша, түрікше, татарша, қазақша басылымдарды оқып, заман дәуір жайын оңға бастайды, ол әдеби, тарихи пәлсапалық кітаптарды іздеп жүріп оқыды. Сөйтіп, ислам діні қағидаларын жетік білген Ғұмардың енді дүниелік ғылымдардан да хабары болады.1907 жылдардан бастап, қазақ, татар тілдерінде шығатын газет-журналдарда мақалалары мен өлеңдерін жариялады. Ол елдің өміріне араласып, халық мұратын көздейтін істерге белсене араласқан.
Ақбота Мұсабекқызы