06 сәу, 2022 сағат 16:40

Бүгінде сұранысқа ие мамандықтар – техникалық мамандықтар – Қайрат Жұманов



Бүгін Алматы білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік білім берумен 100% қамтуға мемлекеттік тапсырысты ұлғайту жұмыстары туралы айтты. Оның айтуынша, Алматы қаласы бойынша тегін техникалық және кәсіптік білім берумен қамту 49,5% құрайды, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Білім басқармасы басшысының орынбасары Алматыда 2021-2022 оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 83 колледж барын, оның 23-і мемлекеттік, 60-ы жекеменшік, контингенті 73 719 студентті құрайтынын, оның ішінде 36,5 мың адам мемлекеттік тапсырыста екенін айтты.

«Бүгінгі таңда қаладағы тегін техникалық және кәсіптік білім берумен қамту жалпы контингенттің 49,5 пайызын құрайды. 2025 жылға қарай мемлекеттік тапсырысты 21 мың орынға дейін арттыру жоспарланып отыр, бұл 2021 жылмен салыстырғанда (11,4 мың орын) 10 мың орынға артық. Бірінші кезекте 2025-жылға қарай 9-сынып түлектерін тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100%-ға дейін қамту жоспарлануда (2022 ж. – 69,3%, 2023 ж. – 78,1%, 2024 ж. – 87,8%, 2025 ж. – 100%). Осылайша, 2025 жылы қала колледждерінде білім алғысы келетін 9-сыныптың барлық түлектері сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін оқитын болады», - деді Алматы білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов.

Оның айтуынша, бүгінде қоғамда сұранысқа ие мамандықтар – техникалық мамандықтар.

Қайрат Жұманов биылғы жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын студенттердің үлесі үш мың адамға артып, мемлекеттік тапсырыстың жалпы көлемі 14,5 мың орынды құрайтынын тілге тиек етті. 2019 жылдың қаңтарында жан басына шаққандағы қаржыландыру 20 мемлекеттік колледжде, ал ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін 29 жекеменшік колледжде жан басына шаққандағы қаржыландыру енгізілді.

«Мемлекет басшысының техникалық мамандықтарға мемлекеттік тапсырыстарды қайта бағдарлау туралы тапсырмасына сәйкес, биылғы жылы аталған мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс көлемі мемлекеттік тапсырыстың 60 пайызын құрайтын болады», - деп қосты ол.

Баяндамашы қазіргі таңда білім басқармасы Алматы қаласының ерекшеліктерін ескере отырып қалыптасатын жаңа кәсіптер мен құзыреттердің өңірлік атласын әзірлеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын қосты. Әзірлеу нәтижелері бойынша облыс бойынша, оның ішінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім жіктеуішіне енетін болашақ кәсіптер бойынша нақты ұсыныстар да беріледі. Бүгінгі таңда Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу, қалыптастыру және орналастыру жөніндегі комиссия қаланың еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтардың тізбесі мен санын қалыптастырумен айналысуда. 30 сәуірден бастап білім басқармасының сайтында мемлекеттік тапсырыс берілетін мамандықтар туралы ақпарат орналастырылады. Бұған дейін Қазақстанда 2025 жылға қарай сұранысқа ие мамандықтар бойынша колледждерде білім беру 100% тегін болатыны хабарланған еді.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Алматы білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік білім берумен 100% қамтуға мемлекеттік тапсырысты ұлғайту жұмыстары туралы айтты. Оның айтуынша, Алматы қаласы бойынша тегін техникалық және кәсіптік білім берумен қамту 49,5% құрайды. Білім басқармасы басшысының орынбасары Алматыда 2021-2022 оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 83 колледж барын, оның 23-і мемлекеттік, 60-ы жекеменшік, контингенті 73 719 студентті құрайтынын, оның ішінде 36,5 мың адам мемлекеттік тапсырыста екенін нақтылады.