Екібастұз қаласындағы апатты жою жөніндегі жедел штаб 6 желтоқсандағы жағдай бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде мәлімет ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазігрі уақытта Екібастұздың 6, 5а және 5б шағынаудандарында жылу желілері қатып қалған үйлерге жылу беруді қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Апатты жою жөніндегі штаб басшысы – ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың хабарлауынша, 6 желтоқсан күні сағат 08.00-дегі жағдай бойынша кіреберістерді жылуға қосу жұмыстары 4 үйде жүргізілуде. Бұл жұмыстарды бүгін аяқтау жоспарланған. Зардап шеккен нысандарға бекітілген кәсіпорындар тәулік бойы инженерлік коммуникацияларды қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып жатыр.
«6 желтоқсан күні таңғы сағат 04:30-да №6 шағынаудандағы орамішілік жылу желісінде құбыр жарылды (жылу құбырын бұратын ЦТП 63, диаметрі 159). Оған жөндеу бригадалары жіберілді. Осыған байланысты Бауыржан Момышұлы көшесіндегі 42, 54, 46, 44, 48, 50, 52 және Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі 59, 61, 65, 57а, 63, 63А, 63Б, 67А тұрғын үйлеріне ыстық су беру қысқа уақытқа тоқтатылды, құбырды сағат 14:00-де дейін жөндеу көзделген», - делінген Үкіметтің Telegram-каналында.
Еске салайық, Екібастұзда барлығы 689 көпқабатты үй бар. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 851 адам жұмылдырылды.
Төменде Екібастұз қаласындағы үйлерді жылу желісіне қосу бойынша атқарылған жұмыстар туралы мәлімет ұсынамыз.