11 қаң, 2023 сағат 12:08

Буча қаласындағы киіз үй: Ресей Қазақстаннан мәселені түсіндіруді сұрады

Фото: arbat.media

Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова жергілікті журналистердің сұрағына жауап бере келе, Қазақстанды Украинаның Буча қаласында тігілген қазақтың киіз үйлеріне қатысты түсініктеме беруге шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Azattyq Ruhy порталына сілтеме жасап.

Солай бола тұра, Захарова «Қазақстан билігі бұл акцияға қатысымыз жоқ деп сендіргенін» мәлімдеген.

«Қазақстаның ресми тұлғаларының назарын ғаламторда пайда болған ақпаратқа аударттық. Бізді кейбір БАҚ өкілдері жазып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайтынына және Қазақстанның билігі бұл акцияға қатыспағанына сендірді. Ресей тарапының жақын серіктесіне сенбейтіндей негізі жоқ. Бұған қатысты жақын күндері ресми түсініктеме күтеміз», - деген Захарова.

Айта кетейік, қаңтардың басында Украинаның Киев облысында Ресей басқыншылығынан қатты зардап шеккен аумақтардың бірі Бучада "Незламності" яғни, "мызғымастық" пункті ашылған еді. Киіз үй ішінде орналасқан пункт тұрғындарға қыс кезінде жарық пен жылу болмаған шақта жылынып, телефондарын қуаттап алу үшін ашылған.

Бұған дейін украин парламентінің депутаты Сергей Нагорняк Фейсбук желісінде жоба қазақстандық кәсіпкерлер мен Украинадағы қазақ диаспорасы өкілдерінің арқасында пайда болғанын хабарлаған еді.

Киіз үй Украинаға Қазақстаннан жеткізілген.