30 қаң, 2017 сағат 17:51

БТА Банкінің бұрынғы басшысының орынбасары шетелге не үшін қашып кеткенін айтып берді

- «БТА Банкі» АҚ басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетовтың айтуынша, осыдан 8 жыл бұрын басталған қылмыстық іс кезінде үрей-қорқыныш болды. Сол себепті Жарымбетов бірден бой тасалап кетті. Ал Әбілязов үшін оның елге оралғаны тиімсіз болды, деп xабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Шынымды айтсам, мен өзім қатты қорықтым. Бұл жақта тергеуге түскен адамды қинайды, зорлық-зомбылық көрсетеді, тіпті өлтіреді деп айтқаннан кейін кез келген адам үрейленеді. Әрине, Әбілязовтың өзі шоқты көсеп отырды. Оған менің осы жаққа келгенім тиімсіз болды деп ойлаймын. Иә, сол кезде қорқыныш болды. Мен отбасым үшін, балаларым үшін алаңдадым», - дейді Жарымбетов.

Оның айтуынша, бас кезінде ол Ұлыбританияда бой тасалап жүрді. Одан кейін Еуропаны кезіп, Түркияға барды. Ақша жағынан Әбілязовтың немесе оның адамдары көмектесті. Оған қоса, Жарымбетовтың өз жинақтары болған.

Бүгінде «БТА Банкі» АҚ басқарма басшысының бұрынғы орынбасары өз кінәсін мойындап отыр. Алайда ол қылмысты қасақана жасадым деп санамайды. Себебі сол кезде басшылықтың бұйрығын орындауға тура келді.

«Кез келген істе нүкте қойған дұрыс қой. Онсыз басқа адамдар қиналып жүре береді. Бұған дейін беймәлім болып келген детальдарды ашу қажет. Ашығын айтайын, қазіргі кезде мен тергеуге көмек беруге келістім. Осының арқасында мен бұған дейін сотталған азаматтардың, шетелде әлі күнге дейі қашып жүргендердің жазасын жеңілдетуге өз септігімді тигіземін деп сенемін», - деп атап көрсетті Жарымбетов.

Айта кетейік, бүгін Жарымбетов арнайы баспасөз мәслиxатын өткізіп, өзіне қатысты таралып жатқан алып-қашпа әңгімелерді жоққа шығарды. Оның сөзіне қарағанда, қаңтардың 17-сі күні Түркияның шекара қызметі оны жалған төлқұжатпен жүргені үшін ұстаған болатын.

«Полиция учаскесінде отырғанда мен өзімнің шын аты-жөнімді айттым. Сосын Ыстанбұлдағы Қазақстанның ресми өкілділігіне xабарласуды өтіндім. Сөйтіп, қаңтардың 20-сы күні мені Қазақстанға экстрадициялады. Ертесінде мені тергеу абақтысына қамады. Осы уақытқа дейін сонда болдым. Маған ешқандай зорлық-зомбылық пен қысымның жасалмағанын мәлімдегім келіп отыр», - дейді ол.