31 қаз, 2022 сағат 10:36

Бразилияның бұрынғы президенті сайлауда жеңіске жетті


Бразилияның бұрынғы президенті Луис Инасиу Лула да Силва президент сайлауының екінші турында Бразилияның қазіргі президенті Жаир Болсонаруды жеңді. Сайлау қорытындысы Жоғары сайлау сотының сайтына жарияланған.

Бүгінге дейін дауыстың 99 пайызы саналған. Лула да Силва — 50,8 пайыз, Болсонару 49,2 пайыз дауыс алған.

Солшыл Еңбекшілер партиясының негізін қалаушы 77 жастағы Лула да Силва Бразилияны 2003 жылдан 2011 жылға дейін басқарып, екі рет президент сайлауында жеңген. 1989, 1994 және 1998 жылы да президент сайлауына түсіп жеңілген. 2018 жылы "жемқор" деген айыппен сотталған, былтыр наурызда сот үкімі күшін жойған.

Оңтүстік Америкадағы ірі экономика - Бразилия Силва басқарған кезеңде Ресей, Қытай, Үндістан және Оңтүстік Африка республикасымен бірігіп экономикалық БРИКС ұйымын құрған. Мамыр айында Time журналына сұқбат берген Силва "Украинадағы соғысқа жалғыз Владимир Путин кінәлі емес" деген. Оның сөзінше, жанжалға АҚШ пен Еуроодақ және Киев те жауапты.

Лула да Силва "АҚШ пен Еуропа "Украина НАТО-ға қосылмайды" десе проблема шешілетін еді. Кейде Украина президентінің телеарнада сөйлеп, қошеметке бөленіп жүргенін, Еуропа депутаттары түрегеп қол соғатынын байқаймын. Соғысқа бұл жігіт те Путин секілді жауапты" деп сөйлеген.