Парламент Сенатының жалпы отырысында Қазақстан мен Бразилия арасындағы құқықтық қатынастарға байланысты үш заң қабылданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Сіздерге Қазақстан мен Бразилия арасындағы: қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек, қылмыскерлерді экстрадициялау, сотталған адамдарды беру туралы үш шартты ратификациялау мақсатында келіп отырмыз. Бразилиямен осындай шарттар жасау маңызды. Айта кетейін, Бразилия біздің тәуелсіздігімізді алдымен таныған елдердің бірі. Жер шалғай болғанымен өзара байланыс тығыз. Уақыт өткен сайын қарым-қатынас дамып келеді. 2016 жылдан бері екі ел арасында визасыз режім орнаған. Соңғы жылдары туристер саны көбейіп келеді», - деді Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.
Оның сөзіне қарағанда, былтыр елімізге Бразилиядан 1 мыңнан астам адам келген. Қазақстаннан да ол елге туристер мен бизнесмендер барады.
«Дегенмен, арасында миграциялық заңды бұзатындар, тіпті қылмыс жасаған фактілер бар. Қазір қазақстандық бір әйел сонда түрмеде отыр», - деді Бас прокурордың орынбасары.
Аталған шарттарға 2018 жылы Қазақстанда қол қойылды.
«Бірінші, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы Шартқа тоқталайық. Ол Шарт күдікті адамның кінәсін дәлелдеу үшін қажетті тергеу амалдарын жүргізуді көздейді. Мысалы, тергеу амалдарын жүргізу, куә ретінде айғақ алу, сұрау салған жағдайда сараптама жасау, активтерді қайтару және басқалары. Шарт бойынша екі елдің тергеу органдары өзара келісіп, бір-біріне басқа да көмек бере алады», - деп түсіндірді М. Ахметжанов.
Ал, екінші шарт ұстап беру туралы қадамдарына арналған. Құжат іздеуде жүрген адамдарды қылмыстық жауапқа тарту мен сот үкімін орындау үшін экстрадициялау мәселесін реттейді. Шартта ұстап берудің және одан бас тартудың нақты негіздері бекітілген.
«Сотталған адамдарды беру туралы Шарт оларға жазасын елінде өтеуге мүмкіндік жасайды. Конституцияның 11-ші бабы бойынша мемлекет өзінен тыс жерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік береді. Яғни, біздің азаматымыз шетелде қылмыс жасаса, оларды қорғауға тиіспіз», - деді ол.
Белгілі болғандай, сотталғандар саны бойынша Бразилия 23-ші, ал, Қазақстан 99-шы орында. Бразилияда жазасын жатқан қазақстандық әйел елімізге ауысу туралы өтініш берді. Қазір бұл өтініш қаралып жатыр. Осы Шартты ратификациялаған соң бұл мәселе шешімін табады.
«Халықаралық шарттар туралы» Заңға сәйкес бұл шарттар ратификациялауға жатады. Себебі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты. Шарттарды ратификациялау теріс әлеуметтік, экономикалық және саяси салдарға әкелмейді. Республикалық бюджеттен қосымша қаражат талап етпейді», - деді Марат Ахметжанов.
Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан мен Бразилия арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» Заңы, «Қазақстан мен Бразилия арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» Заңы, «Қазақстан мен Бразилия арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.