фото: коллаж Ult.kz
Бразилияда мамандар Ақтау маңында апатқа ұшыраған AZAL әуе компаниясының ұшағының қара жәшіктеріндегі деректерді тексеруді бастады, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Қазақстан, Әзербайжан және Ресей өкілдері Авиациялық оқиғалардың алдын алу және тергеу орталығында (CENIPA) кездесті. Мамандар қара жәшіктердегі ұшқыштардың әңгімелері мен ұшақтың апатқа дейінгі жағдайы туралы мәліметтерді шығарып, талдаумен айналысуда.
“CENIPA оқиғаны модельдеу және түсіндіру үшін графикалық виртуалды реконструкция жасай алады. Бразилиялық талдау нәтижелері Қазақстан жауапты болатын тергеу туралы қорытынды есепте жарияланады. Техникалық деректер AZAL әуе рейсінің бағытын өзгерту мен апатты қону кезінде орын алған ақауларды түсіндіруге көмектеседі”, – деп жазылған басылымда.
Бразилия бұл тергеуге қатысуда, себебі Embraer-190 ұшағы осы елде шығарылған.
Еске сала кетейік, 25 желтоқсанда Қазақстанның Ақтау қаласы маңында Баку-Грозный бағыты бойынша ұшып бара жатқан AZAL әуе компаниясының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында болған 67 адамның 38-і қаза тауып, 29-ы аман қалды.