«Браконьер» іс-шарасы барысында заңсыз аң аулаудың 1 983 фактісі анықталды. Бұл туралы ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ішкі істер органдары міндеттерінің бірі – табиғатты қорғау іс-шараларына қатысу, браконьерлермен күресте табиғатты қорғау органдарына жәрдемдесу. Негізгі күш-жігер экологиялық заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Биологиялық ресурстар нысандарының заңсыз айналымымен, браконьерлікпен күресу үшін елімізде қазан мен қараша айларында «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Оның мақсаты - табиғатты қорғау заңнамасын бұзу және табиғатты заңсыз пайдалану фактілерін анықтау, сондай-ақ мүйіз, ет, тері сынды өнімдерді заңсыз сату орындарын, онымен айналысатын адамдарды анықтау», - деді ресми өкіл ІІМ баспасөз алаңында өткен брифингте.
Оның атап өтуінше, операция жүргізілген айлардың ішінде полиция қызметкерлері 8 мыңнан астам аңшылық және балық аулау шаруашылықтарын, орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемелерінің, ерекше қоршалатын табиғат аймақтарын тексеріп шықты.
«Іс-шаралардың нәтижесінде табиғатты қорғау заңнамасының 3,5 мың рет бұзылғаны анықталды. Оның ішінде заңсыз аң аулаудың - 1 983, ағаштарды заңсыз кесудің – 68, заңсыз балық аулаудың – 747, жабайы жануарлар мен өсімдіктерді заңсыз сатып алу, тасымалдау әне сақтаудың 21 фактісі анықталды», - деді Нұрділдә Ораз.