Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев Жетісу облысын құру жұмысы туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Алматы облысын бөлу одан әрі әлеуметтік-экономикалық өсу мүмкіндіктерінің таусылуына байланысты емес, мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешу үшін, яғни облыстың 1 млн-нан астам тұрғыны тұратын Алматы агломерациясын дамыту үшін жүргізіледі. Соның ішінде 170 мың адам Алматы маңындағы инфрақұрылым жоқ саяжай алаптарында тұрады. Талдықорған қаласынан алыс жерде бұл мәселелерді шешу оңай емес. Сондықтан еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру бойынша мемлекет басшысы қойған міндеттің маңызы зор", - деді Бозымбаев облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында.
Әкімнің айтуынша, жаңадан құрылатын Жетісу облысының аумағында 352 елді мекені бар 8 аудан және 2 қала кіреді. Алматы облысында 380 елді мекені бар 9 аудан және 1 қала болады.
"Біз Қазақстан Республикасы президентінің әкімшілік-аумақтық құрылым туралы жарлығын қабылдау жөніндегі іс-қимыл алгоритмін әзірледік. Облысты бөлу жөніндегі жұмыс комиссиясы құрылды, оған облыстық басқармалар мен аумақтық органдардың бірқатар басшылары кірді. Алматы облысының шекарасын Жетісу облысының жерін аумағынан шығару арқылы өзгерту туралы үкімет қаулысының жобасы да дайындалды", - деп атап көрсетті Бозымбаев.
Екі облыстың схемалық картасы дайын. Енді, қолданыстағы штат санын қайта бөлу және мемлекеттік органдарды орналастыру үшін объектілерді айқындау жұмыстары басталды. Әкімнің сөзіне қарағанда, ұлттық экономика министрлігіне Жетісу облыстық әкімдіктің штат санына қатысты ұсыныс жіберліді.
Әзірше, штат саны 448 адам болады деген жоспар бар.
"Сондай-ақ, көшуге байланысты шығындарды қаржыландыру бойынша бірқатар проблемалық мәселелер бар. Жетісу облысының әкімшілігі Талдықорған қаласында қалатындықтан, қосымша шығыстар әкімшілігі Қапшағай қаласында орналасатын Алматы облысын орналастыруға байланысты болады. Бұл, бірінші кезекте, қызметтік үй-жайларды жалдау, көтерме жәрдемақы төлеу, қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері үшін тұрғын үй жалдау шығындары", - деді Бозымбаев.