04 мам, 2022 сағат 14:29

Бозымбаев су құбырларының тозу проблемасын қалай шешетінін айтты


Алматы облысында ауылдық жерлердегі су құбыры желілерінің тозуын азайту мақсатында шамамен 760 шақырым желіні қайта жаңартуға бағытталған 55 жоба әзірленуде. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың сауалына жауап берген Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауыз сумен қамтамасыз етуде Алматы облысы алдыңғы қатарда. Дегенмен, су құбырларының тозығы жетіп тұр. Бұл мәселені шешу үшін қандай шаралар қабылдап жатырсыздар?» - деп сұраған еді Үкімет басшысы өңір әкімінен. 

Сауалға жауап берген аймақ басшысының дерегінше, облыста – 742, оның ішінде 10 қалалық және 732 ауылдық елді мекен бар. 

«Қаладағы халықтың сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділігі 99,5 пайызды құрап отыр. Бірақ, су құбыры желілерінің тозуы – 44 пайыз. 732 ауылдық елді мекеннің 669-ы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. 54 елді мекен локалды су жүйесімен қамтылған. 9 ауыл тұрғыны тасымалданатын су пайдаланады. Биыл ауылдық елді мекендерде 16 жоба іске асырылуда. 8,4 млрд теңге бөлінді. 209,6 шақырым желі салынып, қайта жаңғыртылатын болады. Сонымен қатар республикалық бюджетті нақтылау кезінде 15 жобаны іске асыруға 6,1 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылып, қолдау тапты. Нәтижесінде желілердің тозуы биыл 41 пайызға дейін төмендейді. Мұнан бөлек, ауылдық жерлердегі шамамен 760 шақырым желіні қайта жаңартуды көздейтін 55 жоба әзірленуде. Аталған жобаларды іске асыру 2023-2024 жылдары қарастырылады. Нәтижесінде, желілердің тозуы 41 пайыздан 32 пайызға дейін төмендейді. Ал қалалардағы желілерді қайта жаңартуға 13 жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Осы жобаларды іске асыру желілердің тозуын 44 пайыздан 38 пайызға дейін кемітеді», - деді Қанат Бозымбаев.