Оппозициялық саясаткер Алексей Навальныймен бір түрмеде отырған Нариман Османов пен Евгений Бурак "Дождь" телеарнасына оппозиционерге қамауда қалай қысым көрсетілгені туралы айтып берді, деп хабарлайды Азаттық.
Османовтың сөзіне қарағанда, колониядағы отряд Навальныйға қысым көрсету мақсатында арнайы жасақталған. Отрядтағылардың бәріне Навальныймен сөйлеспеуді, оның әрбір қадамын жазып отыруды алдын ала ескерткен.
Евгений Бурактың "Дождь" телеарнасына баяндауынша, колонияда кем дегенде он адам Навальныйды аңдып, үнемі төңірегінде жүрген. Саясаткер әжетханаға барған уақытта да соңынан қалмаған. Олар үнемі оппозиционерді арандатумен болған. Алайда Навальный олардың арандатушылық әрекетіне көнбеген.
Османовтың айтуынша, колонияда Навальныйды жазасын өтеушілер алдында жаманатты ету мақсатында фильм көрсетілген. "Бұл дәрісті мекемедегілердің бәріне көрсеткен. Фильмдегі басты ой - оның [Навальныйдың] дәстүрлі емес жыныстық көзқараста екеніне сендіру", – дейді Османов. Оның айтқандарын Евгений Бурак та растады.
Османов саясаткердің колонияда ашыққаны туралы да айтып берді. Ашығу кезінде Навальныйдың қасына туберкулезбен ауырады делінген бір адамды орналастырған, бірақ онысы өтірік болып шыққан. Күндердің бірінде колонияға жарты қап шұжық алып келіп, Навальныйдың сағын сындыру үшін шұжықты қуырған.
Оппозициялық саясаткер Алексей Навальный биыл қаңтарда Германиядан Ресейге оралған уақытта ұсталды. Оны былтыр тамызда Германияға "Новичокпен" уланған уақытта ұшақпен жеткізген. Навальный өзін Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері улады деп санайды. 2 ақпанда сот саясаткерді Владимир облысы Покров қаласындағы колонияға жіберді.
31 наурызда Навальный аштық жариялап, үш апта бойы тамақ ішпеді. Ол колонияға тәуелсіз дәрігерлерді жіберуді талап етті.
Адам құқықтарын қорғаушылар, бірнеше елдің билігі, Нобель сыйлығының иегерлері мен әлем жұлдыздары Навальныйға араша түсті. Саясаткерді қолдаушылардың наразылық акциялары Ресей мен әлемнің ондаған қаласында өтті. Ресейдегі акция кезінде мыңға жуық адам ұсталды.