Борышкерлер шағымдану құқығын көбіне теріс пайдаланады. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында Әділет министрі Қанат Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі таңда заң бойынша жеке сот орындаушының әрекеттері мен шешімдеріне тек сот арқылы шағымдануға болады. Мұндай сот даулары барлық сатыларды қоса алғанда 11 айға дейін созылуы мүмкін. Бұл ретте соттың негізгі шешімі орындалмай жата береді. Адамдар сот өздерінің пайдасына өндіріп берген нәрсені ала алмайды. Борышкерлер шағымдану құқығын көбіне теріс пайдаланады және оның орындау процесін созу үшін пайдаланады. Осы уақыт ішінде олар мүлік пен ақшаны жасырады», - деді министр.
Оның атап өтуінше, сот тәжірибесінде жеке сот орындаушыларына қатысты 200-ге жуық талап-арыз татуласумен немесе мыңнан астам талап-арыз қайтарып алумен аяқталған.
«Дау сотқа дейін өңірлік палаталар деңгейінде шешілуде. Мұндай тәжірибені жария ету және өңірлік палаталарының лауазымды адамдарына жеке сот орындаушыларының шешімдерін жою жөнінде өкілеттіктер беру қажет деп ойлаймыз. Бұл дауларды қарау уақытын қысқартады және тараптардың құқықтарын қорғауға оң әсер етеді», - деді Қанат Мусин.