Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Абай облысындағы Бородулиха ауданы гуманитарлық көмек алып жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өрттің алғашқы күндерінен-ақ Бородулиха ауданындағы апатқа еріктілер мен қамқор азаматтар және жергілікті әкімдік көмекке келген.
Гуманитарлық көмекті жинауға тек мемлекеттік органдар мен партия ұйымдары ғана емес, кәсіпорындар, жеке тұлғалар, коммерциялық емес ұйымдар, мәслихат депутаттары, Достық үйі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері де атсалысып, жерлестеріне тұрақты түрде азық-түлік, дәрі-дәрмек, бірінші қажеттілік заттарын жөнелтіп жатыр.
Барлық гуманитарлық көмек арнайы көліктерге тиеліп, өртпен белсенді түрде күрес жүргізіліп жатқан аумақтарға - Бородулиха-Жерновка мен Озерки-Талицаға жөнелтіліп, жеткізілген.
Әкімдік мәлемітенше, күн сайын 80-ге жуық жергілікті ерікті мен Семей, Өскемен және Астана қалаларынан 100-ден астам адам өртті сөндіруге көмек көрсетіп жатыр. Олардың орнын тұрақты түрде өзге де жанашыр азаматтар алмастырып отыр. Тек соңғы тәулікте 1,5 тонна ауыз су, 400 келі қой еті, құс еті, 600 келі көкөніс (картоп, пияз, сәбіз), 100 литрден астам май берілген. Ал шаруа қожалықтарының басшылары азық-түлік жеткізу үшін екі көлік бөлген.
«Осындай қиын сәтте бәріміз жұдырықтай жұмылуымыз керек! Біздің Отанымыз бір! Бұл апатты да бірге еңсеруіміз керек», - дейді Семейдің белсенді волонтерлерінің бірі Евгения Павел.