Қайрат Боранбаев пен Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты қамауға алу мерзімі ұзартылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"2022 жылғы 8 маусымда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Боранбаевқа қатысты қамауға алу түріндегі санкцияланған бұлтартпау шарасының мерзімін 1 айға ұзартты", - деді елордалық соттың баспасөз қызметі өкілдері.
Осы күні мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Қайрат Сатыбалдыұлын қамауға алу мерзімін бір айға ұзартты. Ал одан бір күн бұрын, 2022 жылдың 7 маусымында күдікті Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға қатысты қамауға алу мерзімі ұзарған.
Еске салайық, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және «Қазақтелеком» АҚ қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Бұл қылмыстарды жасады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қайрат Сатыбалды – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі.
Айта кетейік, оның бұрынғы әйелі де қамауға алынған. Гүлмира Сатыбалдының үстінен 2019 жылы «Алматы қаласындағы 2017 жылғы Универсиада» нысандары құрылыс-монтаж жұмыстарының нақты орындалмаған міндеттері үшін төленген аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Ал Қайрат Боранбаев биыл 17 наурызда қамауға алынды. Ол квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаражат жымқырды деген күдікке ілінді.
Боранбаев – ірі кәсіпкер, ол Қазақстандағы, Беларусьтегі және Ресейдің бірнеше өңіріндегі McDonald's жылдам тамақтану желісінің және тағы басқа ірі компаниялардың иесі. Оның қызы Әлима 2020 жылы жазда Нұрсұлтан Назарбаевтың қайтыс болған жиені Айсұлтанға тұрмысқа шыққан.
Мамырдың басында Сатыбалдыұлы да, Боранбаев та Forbes рейтингіндегі Қазақстанның ең бай бизнесмендері тізімінен шығарылғаны белгілі болды.
891 рет оқылды