16 ақп, 2021 сағат 07:52

Бөлінген қаржыны игермеген министрліктер мен өңірлер белгілі болды

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 91 пайызға атқарылды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев биылғы қаңтардағы мемлекеттік бюджеттің атқарылу көрсеткіштерін баяндау кезінде мәлім етті, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

«Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 91 пайызға, республикалық бюджеттің шығыстары – 94,4 пайызға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 80,6 пайызға атқарылды», - деді министр.

Оның айтуынша, республикалық бюджет бойынша 1 трлн 212 млрд теңгеге сомасына шығыстар жүргізілді. Орындалмау 72 млрд теңгені құрады, оның ішінде үнемдеу - 7 млрд теңге. Игерілмеу сомасы - 65 млрд теңге.

Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары келесі орталық мемлекеттік органдарда қалыптасты: Қаржы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Төтенше жағдайлар, Білім және ғылым, сондай-ақ Мәдениет және спорт министрліктері.

Игерілмеудің негізгі себептері: төлем жөніндегі құжаттарды ұзақ келісу, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, нақты көрсетілген қызметтер көлемі, шарттар мен қосымша келісімдерді қазынашылық органдарына тіркеуге кеш ұсыну.

«Жергілікті бюджеттердің шығыстары 203 млрд теңгені құрады. Атқарылмағаны - 49 млрд теңге. Биыл өңірлерге 1,9 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 ақпандағы жағдай бойынша 32 млрд теңге бөлінген. Олардың 79,3 пайызы игерілген. Атқарылмағаны – 6 млрд теңге, оның ішінде 2 млрд теңге – үнемдеу, 4 млрд теңге игерілмеді. Неғұрлым көп игерілмеу келесі өңірлерде: Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола және Атырау облыстарында қалыптасты», - деді Жамаубаев.