Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауовтің ісі бойынша негізгі сот талқылауы 27 мамырға белгіленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылыққа айыпталып отырған Боқауов Болат Жұмабекұлына қатысты қылмыстық іс сот өндірісіне алынды. Негізгі сот талқылауы сотталушының, мемлекеттік айыптаушының және қорғаушы адвокаттың қатысуымен 2020 жылдың 27 мамыры күні сағат 10.00-ге Павлодар қалалық №2 сотының ғимаратында ашық сот отырысында келісімді өндірісте белгіленсін. Сотталушыға қатысты таңдап алынған бұлтартпау шарасы сол қалпында қалсын», - делінген Павлодар облыстық сотының сайтында жарияланған Павлодар қалалық №2 сотының қаулысында.
Сонымен қатар аталған құжатта іс бойынша өндірісті қысқартуға немесе тоқтата тұруға алып келетін ешқандай негіз жоқ екендігі аталып өтілген. Процессуалдық келісім жасау барысында тағайындалған сот отырысына кедергі келтіретін қылмыстық іс жүргізу заңын бұзуға жол берілмейді.
«Іске қатысты прокурордың айыптау актісі бекітілген жоқ, сотталушыға қатысты тағайындалған бұлтартпау шарасын өзгертуге және алып тастауға негіз жоқ. Қылмыс салдарынан келтірілген шығындардың орнын толтыруды қамтамасыз ететін шаралар және мүлікті тәркілеу мүмкіндігі қабылданған. Қарсылық түскен жоқ. Сотқа дейінгі өндіріс барысында күдіктің қорғаушысы ретінде адвокат қатысты. Оның іске қатысуына кедергі келтіретін жайт жоқ», - делінген таратылған ақпаратта.
Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың 16 қаңтарында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа қатысты қылмыстық істі тергеп жатқаны белгілі болған еді.
«Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2020 жылғы 15 қаңтарда Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа қатысты лауазымдық уәкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 362-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша тіркелген қылмыстық іске сәйкес жедел-тергеу шараларын жүргізді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Осы кезеңде тергеу мүддесіне орай толық деректер жариялануға жатпайды», - делінген ҰҚК ақпаратында.
Болат Бақауов 18 ақпаннан бері үйқамақта отыр.
Сәуірде оны үйқамақта ұстау мерзімі мамыр айына дейін созылды.