18 нау, 2022 сағат 17:07

Болат Ақшолақов биыл қанша тонна мұнай өнімдері өндірілетіндігін айтты


Биыл елімізде 13,3 млн тонна мұнай өнімдерін өндіру жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өнімдерін өндіру 12,7 млн тоннаны құрады. Мұнай өнімдерінің негізгі түрлерінен: бензин өндірісі – 4,8 млн тонна, дизель отыны – 4,9 млн тонна, мазут – 2,4 млн тонна және авиакеросин – 586 мың тонна. 2022 жылға арналған жоспар 13,3 млн тонна құрайды. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасына сәйкес Энергетика министрлігінің бұйрығымен 180 күн мерзімге мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге шекті бағалар мынадай деңгейде белгіленді: АИ-92 маркалы бензин – литріне 182 теңге; АИ-93 маркалы бензин – литріне 182 теңге; АИ-95 маркалы бензин – литріне 215 теңге; дизель отыны (жазғы, маусымаралық) – литріне 230-260 теңге», - деді ол министрліктің кеңейтілген алқа отырысында. 

Оның атап өтуінше, Президенттің «Жаңа Қазақстан: жаңарту және жаңғырту жолы» атты Жолдауы аясында шаруаларды жанар-жағармай материалдарының қажетті көлемімен қолайлы баға бойынша қамтамасыз ету жұмыстары жүзеге асырылатын болады. 

«Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы және тұрақты жүргізуі үшін мұнай өңдеу зауыттарына 1 тоннасына 212 мың теңге бағасымен 400 мың тонна дизель отыны (176 теңге/литр) бөлінді. Жеткізу мен сақтауды ескере отырып, өңірге байланысты болжамды баға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін бөлшек сауда бағасынан орта есеппен 15-30 пайызға төмен», - деген Болат Ақшолақов тәуліктік негізде тиеп-жөнелтуге бақылау мен мониторингті қамтамасыз етуді вице-министр Әсет Мағауовқа тапсырды.