
ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев сенаторлыққа үміткерлердің қатарында қай мамандық иегерлері бар екенін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Мамандықтар бойынша тоталсақ, 19 инженер, 13 экономист, 8 педагог, 7 аграрлық сала қызметкері, 5 дәрігер, 3 заңгер, 1 саясаттанушы, сондай-ақ екеуі басқа мамандық иегері. Кандидаттар арасында қазіргі кезде қызмет атқарып отырған 4 сенатор бар. Бұдан басқа, кандидаттар ішінде 21 коммерциялық құрылым қызметкері, 16 мемлекеттік ұйымның, кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлері, 12 мемлекеттік қызметші, 5 қоғамдық ұйымның өкілі бар», - деді Б. Имашев ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында.
Сонымен қатар ол 23 шілдеде сағат 18:00-ден бастап Сенат депутаттығына тіркелген барлық кандидаттар сайлау алдындағы үгіт-насихатқа кірісуге құқылы екенін еске салды. Үгіт-насихат биылғы 11 тамызда сағат 00:00-ге дейін жалғасады.
