Алматы облысында блокпосты қиратып, 2 полиция қызметкерін өлтірген BMW жүргізушісіне қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«28 мамырда жол апатына байланысты Азаматов А.Т қатысты сотқа дейінгі тергеу ісі басталды. Оның іс-әрекетіне байланысты ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлімімен (мас күйінде көлік айдап, екі немесе одан көп адамның қазасына әкелген жол апатын тудыру) қылмыстық іс қозғалды», - деді Алматы облыстық прокуратурасынан.
Оған дейін қылмыстық іс ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімімен классификацияланған болатын.
Еске салайық, 25 мамыр таңғы сағат 05:26-да BMW маркалы көліктің 28 жастағы жүргізушісі мас күйінде блокпостағы полиция көлігіне соғылды.
Салдарынан екі полиция қызметкері көз жұмды.
Ал зардап шеккен үшінші полицей жақында ауруханада есін жиды.
ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қылмыстық істің мән-жайын тергеуді Ішкі істер министрлігі өзіне алғанын мәлім етті.
Жақында полиция департаменті күдікті туралы мағлұмат таратқан болатын.
Олардың мәлімдеуінше, күдікті қылмыс болардан 4 күн бұрын қызметінен босатылған.
Сондай-ақ, жарақат алған полиция қызметкері ауруханадан шыққан.