Блок бекетті айналып өтіп, қала аумағынан шығып кетпек болған елорданың үш тұрғыны 15 тәулікке қамалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті қызметкерлері елорда аумағындағы карантин режімінің сақталуы үшін қаладан шығып кету әрекетін анықтау бағытында шаралар жүргізді.
22 наурызда сағат 17:30-да Қарағанды қаласына қарай дала жолымен бара жатқан Renault Logan маркалы көлік тоқтатылды. 30 жастағы елордалық жолаушы тасымалымен айналысқан. Ол осы бағыттағы блок бекетті айналып өтіп 50 мың теңге адам тасымалдамақ болған.
Жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 427-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Іс Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілді. Renault Logan маркалы көлік айыптұраққа қойылды.
Сонымен қатар, осы күні Қостанай тас жолы бағытындағы дала жолмен карантин аймағы шекарасын жаяу кесіп өтпек болған екі ер адам ұсталды.
Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қалуысы бойынша барлық құқықбұзушылар 15 тәулікке қамауға алынды.
Қазіргі уақытта төтенше жағдай кезінде Нұр-Сұлтан қаласы аумағында блок бекетті айналып өтетін ықтимал жолдарды анықтау жүргізіліп жатыр.
Полиция департаменті төтенше жағдай жарияланған кезде ҚР заңдарын бұзу істі ауырлататын жағдай деп ескерілетінін ескертеді.