17 мам, 2022 сағат 23:56

Блогердің командасы Бозжырада түсірген видео Қазнетті ашуландырды

коллаж: Tengrinews.kz

Қазнет қолданушылары Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалында видео түсіргендердің әрекетіне наразы болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев Facebook-тегі парақшасында Бозжыра шатқалында түсірілген қысқа ролик жариялады. Оның кадрларынан ер адам балғамен тасты жерді ұрып, үгітіп жатқанын байқауға болады. Кадр сыртындағы дауыс олар мұны автомобильмен өте алуы үшін жасап жатқанын айтады. Жарияланым авторы олардың әрекетін сөккен.

"Неге ол жерде жылдамдықпен жүруі керек? Бұл жер қатты жыныстардан тұрады. Бұл жер автомобильмен, әсіресе жол талғамайтын көлікпен жүруге арналмаған. Бозжыра иесіз жатқандықтан жұрт ойына келгенін істеп жатқанын түсінемін. Бірақ неге миллиондаған жылдан бері қалыптасқан жерді әсерлі кадр үшін бүлдіреді?" - дейді блогер.

Ал кейінірек бұл видеоны қазақстандық белгілі видеограф әрі режиссер Қыран Талапбек түсіргені анықталды. Ол видеоны Instagram-дағы Stories-те жариялаған. Бұл видеоға Ақтау тұрғыны назар аударып, жергілікті Lada.kz басылымының редакциясына жолдаған. Өзі бұл әрекеттен шошығанын айтады.

"Қыран Талапбек түсірген видео ашуландырды, онда бір жігіт тау шыңында көлігі өте алуы үшін тасты жарып жатыр. Осылай жасауға бола ма? Маңғыстау табиғатының осындай ғажабын бүлдіруге бола ма? Әлем болып қорғап жатсақ, мынау жабайылық қой", - дейді әйел. Оның айтуынша, Қыран Талапбек кейін видеоны өшіріп тастаған.

Tengrinews.kz редакциясы жағдайды білу үшін Қыран Талапбекпен байланысқа шықты. Режиссердің айтуынша, видеодағы әрекетті қазақстандықтар қате түсінген.

"Маңғыстауда таяуда толассыз жауған жаңбырдан кейін сел жүрді, оның ішінде Бозжырада да сел жүрді. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін лай қатып қалған. Видеода балғамен ұрып жатқанымыз тас емес, кеуіп қалған лай мен шөлмектің сынығы. Бұл ракурстан анық көрінбейді. Бұл ғасырлар бойы қалыптасқан жер жынысының тас қабаты емес. Біз жаяу жүргіншілер сүрінбесін деп алып тастағымыз келді, көлік дөңгелегі де тесілмесін дедік. Игі мақсатымыз болған еді.

Видеода автомобиль өте алуы үшін алып тастап жатқанымыз айтылады. Бұл шын, себебі көлігімізді бүлдіріп алар едік. Ал ол жақта көлікпен жүруге тыйым салынбаған, себебі бұл жол, айналаны шолу алаңының алды. Ал шолу алаңы басқа жерде", - дейді ол. 

Қыран Талапбек Маңғыстау облысында түсірілім жасап жүргенін айтады. Видеограф қазақстандық туризмді дамытуға арналған және шетелде көрсетілетін ролик түсіріп жүр екен. 

"Бозжыраға түсірілім локациясымен танысу үшін келдік. Табиғатқа зиянымызды тигізетін ойымыз жоқ, вандал емеспіз, тек осындай кадр түсіп қалған. Біз керісінше, тазалық пен экологияны қолдаймыз, туризмді дамытуға тырысып жүрміз. Әлеуметтік желілердегі видеороликтерімізді әдетте бүкіл әлемнің тұрғындары қарайды. Сондықтан Қазақстанның сұлу мекендері туралы көбірек контент жасап жатырмыз", - дейді режиссер.

Қыран Талапбектің түсірілім командасы өз әрекеті үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады. 

Полиция өкілдері болса роликтегі адамдарға айыппұл салынбайтынын хабарлады. Профилактикалық әңгіме ғана жүргізіліпті.