02 нау, 2020 сағат 09:58

БҚО тұрғыны 170-тен астам киік мүйізімен ұсталды

Батыс Қазақстан облысының тұрғыны 170-тен астам киік мүйізімен ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 28 ақпан күні жедел іздестіру шаралары барысында Орал қаласына қарасты Круглоозерный кенті тұсында 26 жастағы жүргізуші айдап келе жатқан «ВАЗ-2107» автокөлігі тоқтатылды.

Көлік салонынан үш жол сөмкесіне салынған 126 дана киік мүйізі табылды.

Күдікті Жаңақала ауданы Мәстексай ауылының тұрғыны болып шықты. Оның мекенжайын тексеру барысында тағы 48 мүйіз тәркіленді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 399-1-бабы 1-бөлігіне сәйкес (сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі бар, сонымен қатар пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер немесе жануарлар және олардың дериваттарын заңсыз пайдалану) тергеу амалдары жүргізілуде.

Бұл бап бойынша айыпты адам 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО тұрғынынан 100-ден астам киік мүйізі тәркіленгенін жазған болатынбыз.