БҚО-мен шектесетін Ресейдің Орынбор облысы Пустобаев ауылында су қоймасындағы бөгет бұзылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға бүгін сағат 16.40-та болғаны жөнінде Орынбор облысы бойынша ТЖ министрлігі бас басқармасының дағдарыс жағдайында басқару орталығы хабарлаған.
Қоймадағы су көлемі шамамен 8 млн текше метрді құрайды. Шайылған бөгеттің ені – 7-8 метр. Су Елтышевка, одан Жайық өзеніне құйылады. Жайық өзені Бәйтерек ауданы Январцев ауылдық округі Чинарев ауылының жанымен ағады.
Чинарев ауылында 1 мектеп, 1 медпункт, 1 шекара заставасы, 82 үй бар, мал басын есептемегенде, 223 адам тұрады. Елді мекенге әзірге қауіп төніп тұрған жоқ.
Тасқын судың алдын алу бағытында Чинаревқа арнайы техникалар мен құтқарушылар, жауапты адамдар жіберілген.