Батыс Қазақстан облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы киіктер санының артуынан халықтың шаруашылықтарына келіп жатқан зиянға қатысты шағымдарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Қадешевтің айтуынша, өткен жылы өңірде 135 мың киік санаққа іліксе, биыл шамамен 200 мыңға жуықтады. Оның нақты саны алдағы шілде айында анықталады.
Өткен мамыр айында киіктер жаппай төлдеп болды.
Осы ретте, Қ.Қадешев жекелеген бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қызыл кітапқа енген аталмыш жануарлардың шаруашылық жерлерге зардабын тигізіп жатқаны туралы хабарларға түсінік берді.
«Біз киіктер шоғырланған Қазталов және Жәнібек аудандарында болып келдік. Мысалы, Жәнібек ауданындағы Талов пен Борсы ауылдарының аралығында 60 мыңдай киік бар. Әрине, тұрғындар тарапынан киіктер жерді таптап тастады деген пікірлер бұрыннан айтылып жүр. Бұған айтарым, әркім өзінің жеріне мұқият болуы керек. Қоршап алсын, иә болмаса қорықшы ұстасын. Басқалай әзір ештеңе істей алмаймыз», - деді Қайрат Қадешев.
Қазіргі таңда киіктер негізінен судың қасында, малмен бірге де жайылады. Бағусыз жүрген мал да аз емес. Екіншіден, киіктер аласа өскен шөпті жейді, шабындыққа зиянын тигізеді деп айту қиын әрі олар адам жүретін жерге жақындамайды.
Киік мемлекет тарапынан қорғалатындықтан, оны «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның инспекторлары көзден таса қылмайды. Қазіргі таңда қырық шақты инспектор төрт топқа бөлініп, 8 автокөлікпен бақылап жүр.
Мамандардың айтуынша, киіктер күзге қарай Бөкей ордасы, Жаңақала аудандарына қарай ауады. Еркін жүретін жануарды бір жерде тізгіндеп ұстау мүмкін емес.
«Мәселенің тағы бір жағы бар. Ол - Бөкейорда резерватын құруды тездету. Сонда резерват қоршалып, киіктер соның ішінде жүрер еді», - Қ.Қадешев.