Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттары Зеленов ауданының атауын өзгерту туралы ұсынысты қолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, ауданның 22 ауылдық округі мен аудан орталығында Зеленов ауданының атауын Бәйтерек деп атау жөнінде ұсыныс талқыланып, ол көпшілік тарапынан қолдау тапты.
Сонымен қатар аудандық тұрақты комиссия мұны бірауыздан қуаттап, Зеленов ауданы әкімдігі мен мәслихаты біріккен қаулы мен шешім қабылдады.
Ұсынысты облыстық мәслихат депутаттары да мақұлдады.
«Енді Үкімет жанындағы республикалық ономастикалық комиссияның қарауына облыс әкімдігі мен мәслихаттың біріккен қаулысы және шешімі жіберіледі», - деді А.Мыңбаева.
Айта кетейік, Зеленов - облыстағы ірілендірілген ауданның бірі. 1997 жылы оған бұрынғы Приурал ауданы да кірді. Зеленов Ресейдің Самара облысы Большая Черниговка, Орынбордың Первомайский, Ташла, Саратовтың Озинки, Перелюб аудандарымен шектеседі.