26 қаз, 2019 сағат 05:50

БҚО-дағы жол сапасы республикалық рейтингіде соңғы орында

Батыс Қазақстан облысындағы жергілікті жол желісінің сапасы республикалық рейтингіде соңғы орында, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Батыс Қазақстан облысындағы жолдардың 71,3% жөндеуді талап етеді. Бұл – 2018 жылғы жағдай бойынша өңірлер арасындағы ең үлкен көрсеткіш. Батыс Қазақстан облысындағы жергілікті маңызға ие автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы - 5 104 шақырым. Оның тек 28,7% эксплуатациялық талаптарға сай», делінген хабарламада.

Ал еліміздегі ең жақсы жолдар Маңғыстау облысына тиесілі. Мұнда облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 92% жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Айта кетейік, Маңғыстау облысындағы жергілікті жол желісінің ұзындығы - 1 406 шақырым. Бұл Батыс Қазақстан облысындағы жергілікті жолдардың жалпы ұзындығынан 4 есе кем. Айта кетейік, «Нұрлы жол 2020-2025» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес ҚР ИИДМ бір жылда өңірлердегі жолдардың шамамен 5 мың шақырымын жөндейді.

Еске сала кетсек, елімізде жергілікті жол желісінің жалпы ұзындығы 71,2 мың шақырым. Бүгінгі таңда облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 71 % жақсы жағдайда. Алдағы 5 жыл ішінде аталмыш көрсеткіш 95% дейін жеткізілмек.