11 сәу, 2022 сағат 23:40

Оралда жол апатын жасаған екі мас жүргізушінің көліктері отқа оранды


Орал қаласында екі автокөлік түйісіп, үш адам жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 10 сәуір күні сағат 22.11-де Зачаган кентінде болды.

Жәңгір хан мен Е.Брусиловский көшелерінің қиылысында «Лада Приора» мен «ВАЗ-2115» автокөлігі соқтығысты. Соның салдарынан «Лада Приора» автокөлігі отқа оранып, жалын сағат 22.34-те сөндірілді.

БҚО Полиция департаментінен түскен мәліметке қарағанда, «Лада Приора» автокөлігінің жүргізушісі мас күйінде болған. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін бірнеше сараптама тағайындалды. 

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен нақтылағанындай, жол апатынан үш адам зардап шекті. Алдын ала мәлімет бойынша, 22 жастағы екі және 24 жастағы жігіт жабық бас-ми жарақатын алған, милары шайқалған. Басқа да жарақаттары бар. Үшеуі де облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілген. 

Сондай-ақ кеше сағат 18.31-де Duster автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, электр бағанына соғылып, бұл көліктің мотор бөлігі жанған. 1963 жылғы жүргізуші медициналық куәландыруға сәйкес орта дәрежелі мас күйінде болған.