17 қаң, 2023 сағат 13:14

БҚО-да жалақы көтеруді талап еткен жұмысшылар екінші күн ереуілге шықты


Батыс Қазақстан облысында жалақыларын көтеруді талап еткен қызметкерлер әлі ереуілдеп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы "Мой ГОРОД" сайтына сілтеме жасап. 

Басылым мәліметінше, қызметкерлер өздерінің қойған талабы орындалмаса, бейсенбіге дейін тұратынын айтқан. Одан бөлек, жұмысшылар ККС-Sicim компаниясының директоры Италиядан келуін талап етіп отыр. 

Айта кетейік, жалақыларын 50 пайызға көтеруді талап еткен компания қызметкерлері 16 қаңтарда таңғы уақытта ереуілге шыққан. "Мой ГОРОД"-тың жазуынша, олар жолды жауып, база аймағына автокөліктерді кіргізбей жатыр. 

"Біз сағаттық мөлшерлемемен жұмыс істейміз. Ол мың теңгеден аспайды. Сағатына 850 теңгеден жұмыс істейтіндер де бар. Ол аз. Он екі сағат жұмыс істеп, 220-250 мың аламыз. Ол ақшаға отбасымызды қалай асыраймыз?" - дейді ереуілге шыққан қызметкерлер.  

Бірақ компания өкілдері қызметкерлердің жалақысын 50 пайызға көтеру мүмкін емес екенін айтқан. 

"Негізгі талап - жалақыны 50 пайызға көтеру. Бізде Бөрлі ауданы әкімдігі, еңбек инспекциясы департаменті және KKC-Sicim компаниялары басшылығымен алдын ала үшжақты комиссия болды. Сол кезде ақпанда жалақыны индексацияға сәйкес 20 пайызға көтеретінімізді айтқан болатынбыз. Оны қызметкерлерге де хабарлаған едік", - дейді жоба менеджері Роза Кагирова.  

Еске салайық, кеше 16 қаңтарда БҚО-да қызметкерлер жалақысын көтеруді талап етіп ереуілге шыққаны хабарланған болатын. Қызметкерлер вахта режимі бойынша 28 күн жұмыс істеп, 14 күн демалатынын айтқан. Артынша компания басшылығы қызметкерлердің талабын жартылай орындауға дайын екені хабарланды. Яғни жалақыны 20 пайызға көтеруі мүмкін. Алайда жұмысшылар олардың талабы толық орындалмай, тарқамайтынын жеткізген.

"KKC-Sicim" ЖШС Бөрлі ауданы Пугачево ауылында орналасқан, онда 3000-ға жуық адам жұмыс істейді. "Мой ГОРОД" мәліметінше, компанияда жалақы соңғы рет 2022 жылдың ақпан айында 8,5 пайызға көтерілген.