Фото: Halyq Uni
ҚМА Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті «World Money» компаниясының өкілдеріне қатысты қаржы пирамидасын құрып, оны басқарды деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Компанияның міндетті шарттарының бірі 21 мыңнан 53 мың теңгеге дейінгі қаражатты төлеп, басқа қатысушыларды, соның ішінде WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы тарту болған.
2023 жылдың қаңтарынан қазіргі уақытқа дейінгі кезеңде қаржы пирамидасына 130 адам тартылған.
"Аумақтық департамент облыстық прокуратураның үйлестіруімен компанияның қызметін бастапқы кезеңде тоқтатып, алданған салымшылардың санын азайтуға мүмкіндік берді. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Егер сіз және сіздің жақындарыңыз қаржы пирамидасының қызметіне тап болса, тұрғылықты жеріңіз бойынша экономикалық тергеу департаментіне хабарласуыңызды сұраймыз. Азаматтарды қырағы болуға және жинақтарын күмәнді қаржы институттарына салмауға шақырамыз" - делінген хабарламада.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.