Батыс Қазақстан облысында үш қыз балаға сексуалдық сипаттағы зорлық жасаған тұрғын 16 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 1978 жылғы М-ға қатысты ҚР ҚК 121-бабы 4-бөлігіне (сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жас балаға қатысты жасау) сәйкес айыптау үкімін шығарды.
М. өткен жылғы қаңтар айының соңында бас бостандығынан айыру орындарынан жазасын өтеп келген. Содан 2018 жылдың ақпанынан 2019 жылдың қаңтарына дейін үш жас қыз балаға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған. Оған алты эпизод бойынша айып тағылды.
Жабық өткен басты сот талқысы барысында М. өзінің жасаған әрекеттерін мойындады.
Сот жаза тағайындаған кезде М-ның бұрын бірнеше рет сотты болғанын, жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды, жәбірленушілердің заңды өкілдерінің пікірлерін ескерді.
М. ҚР ҚК 121-бабы 4-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, ҚК-нің 60-бабы негізінде оны педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс жасауға байланысты қызметтермен айналысу құқығынан айыра отырып, 16 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.
Сотталушы жазасын қауіпсіздігі төтенше (ерекше режим) қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады. Сондай-ақ ол маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде емделеді.
Үкім заңды күшіне енді.
Айта кетейік, оқиға Жәнібек ауданында болған. Жәбірленушілердің екеуі сотталушының жақыны, біреуі олардың дос қызы болған.