Батыс Қазақстанда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 1100 салымшысы жыл соңына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы баспаналы болады.
Орал қаласында пайдалануға берілетін сегіз үйдің арқасында осындай мүмкіндік туып отыр деп мәлім етті банктің жаңа филиалының ашылуында сөз алған Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев.
- Әр отбасы өз баспанам болса дейді, сондықтан тұрғындар қолайлы шарттар арқылы несие беретін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне сенім артады. Биыл үйлер Орал қаласының жаңа екі шағын ауданы – Зашаған және солтүстік-шығыс аудандарында салынады. Қазір құрылыс қарқынды жүріп жатыр, жылдың екінші жартысында пайдалануға бере бастаймыз, - дейді БҚО әкімінің орынбасары.
Бағдат Азбаевтың айтуынша, жыл басынан бері БҚО бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен 2 мыңға жуық депозит ашылған.
Қазір аймақ бойынша банктің 68,6 мыңнан астам салымшысы бар. Олардың көбі банктің жәй ғана клиенті емес, досына айналып үлгерген. Мысалы, Любовь Юлаева. Ол банкке ақша жинап, алты жыл бұрын пәтер алған. Ал, былтыр жыл соңында оның ұлы Михаил да ата-анасының жолын қуып, банктегі жинағының арқасында баспаналы болған.
– Біздің арманымызға қанат бітіріп, орындалуына ат салысқан филиал қызметкерлеріне алғысым зор. Банк қызметкерлерінің барлығын жаңа кеңсенің ашылуымен құттықтаймын. Филиал өте ыңғайлы жұмыс істейді, - дейді Любовь Юлаева.
Банктің 12 жылдан бергі тағы бір клиенті – Талғат Игізов.
– Мен ТҚЖБ филиалына алғаш рет келгенде, тек төрт қызметкері болған. Қазір банктің жаңа кең ғимараты салынды. Сапалы қызмет алу үшін бар жағдай жасалған. Электронды қызмет, төлем терминалдары, смартфондарға арналған қосымшасы бар. Сондықтан, ТҚЖБ бұдан кейін де баспана мәселесін шешуде бізге көмектеседі деп сенемін, оның үстіне, банктің өзге қаржы ұйымдарынан айтарлықтай айырмашылығы бар, - дейді Талғат Игізов.
Банк өз жұмысында сандық технологияның мүмкіндіктерін пайдаланып отыр. Онлайн-қызметтердің арқасында депозит ашатын уақыт қысқарды: қазір планшеттің көмегімен екі минутта депозит ашуға болады. Жуырда Тelegram әлеуметтік желісінде Қуаныш атты чат-бот тіркелді. Чат-бот депозит пен несие бойынша бүкіл ақпарат бере алады.
– Осындай жаңашылдықтардың барлығы клиенттердің уақытын үнемдеп, ыңғайлы қызмет көрсетуге бағытталған. Қазір тағы бір жаңалық – бейнекабиналар пайда болды. Онда кезек күтпей-ақ, виртуалды түрде қызмет алуға болады, - дейді банктің басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов.
Салтанатты жиынның соңында банктің 38 салымшысы тозған және апатты үйлердің орнына салынған жаңа үйден пәтер кілттерін алды.