23 сәу, 2020 сағат 15:28

БҚО-да төрт тұрғын 227 дана киік мүйізімен ұсталды

БҚО-ның Қазталов ауданында төрт тұрғын 227 дана киік мүйізімен ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аудандық полиция бөлімінен алынған мәліметке қарағанда, оқиға 22 сәуір күні түнде орын алды.

Сағат 22.00-де көршілес Жәнібек ауданы тұрғындарының Қошанкөл ауылдық округіне қарасты Қарасу қыстағы маңында киік мүйізін сатқысы келіп жүргендігі жөнінде хабар түскен. 

Қазталов және Жалпақтал полиция бөлімі қызметкерлерінен жасақталған екі жедел тергеу тобы оқиға орнына дереу жеткен. Аталған жерден 23 сәуір күні сағат 00.30-да екі автокөлік тоқтатылды. Автокөліктегілер бой тасаламақ болғанымен, полиция қызметкерлерінен сытылып кете алмады. Олардың Жәнібек ауданы Күйгенкөл ауылының төрт тұрғыны екендігі белгілі болды. Тексеру кезінде қос автокөліктен 227 дана киік мүйізі табылды. 

Қазіргі кезде күдіктілерге қатысты ҚР ҚК 339-бабы 2-бөлімі 2-тармағына (алдын ала сөз байласып, адамдар тобымен өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ауыл тұрғыны киік мүйіздерімен ұсталғанын жазған болатынбыз.