Биыл көктемде болған су тасқыны Батыс Қазақстан облысындағы ауылдардың біріне зардап келтірген болатын. Үйсіз қалған ауыл тұрғындарының кейбірі сиыр қорада тұрған. Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевтің айтуынша, тұрғындар әлі үйлеріне орналаса қойған жоқ, деп жазады Sputnik Қазақстан агенттігі "Мой город" басылымына сілтеме жасап.
28 наурызда еріген қар суы Қаратөбе ауданы Шалғын ауылындағы мектепті қиратты. Бір тәуліктен кейін үйлерді су басып, тұрғындар көршілес Қоскөл ауылына көшірілді.
Басылымның хабарлауынша, тамыз айында журналистер Шалғында болып, кейбір ауыл тұрғындарының сиыр қорада тұруға мәжбүр болғанын көрген.
Билік су тасқынынан келген шығынды 1,6 миллиард теңгеге бағалады. Шалғын ауылында 23 жаңа үй мен 60 орындық мектеп салу туралы шешім қабылданды.
Алайда қазанның 28-і күні аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев жаңа үйлердің құрылысы кестеден кешіктіріліп жатқанын хабарлады.
"Бастапқыда қаржы болмағандықтан құрылыс кестеден кешігіп жатыр. Алайда жаңа үйлерді салып жатқан "Жиенбай" ЖШС қазан айының соңына дейін құрылысты аяқтап, кілттерін тапсыруға уәде берді. Ауыл тұрғындары қазан айының соңында жаңа үйлерге қоныстанады", - деді Қадыржан Сүйеуғалиев брифинг барысында.
Бұл мәселе аудан басшылығының ерекше бақылауында екенін, өзі де апта сайын сол жерге барып тұратынын жеткізді.