02 қаз, 2019 сағат 17:44

БҚО-да соғыс кезінде қаза тапқан 15 жауынгердің сүйегі қайта жерленді

Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданының Сайқын ауылында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан 15 жауынгердің сүйегі қайта жерленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сарбаздар сүйектері биыл жазда Сайқын ауылы маңындағы Равнинный разъезінде іздестіру жұмыстары кезінде табылған еді.

Он бес жауынгердің сүйегі 2 қазан күні 196-Қызыл тулы Гатчинск атқыштар дивизиясының бауырластар зиратында жер қойнына тапсырылды.

Қазу жұмыстарын жүргізген Тасқала ауданы Мерей ауылында тұратын М.Мәметова атындағы іздестіру жасағының командирі Сергей Лапшиннің айтуынша, китель түймелерінде зәкір белгіленгендіктен, боздақтардың теңізшілер екендігі анықталды. Бірақ медальондары болмағандықтан, дәл кім екендігін айыру әзірге мүмкін емес.

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жұбан Ғұмаровтың сөзіне қарағанда, бұл жауынгерлер 1942 жылы Сталинград майданына көмекке жіберілген 74-теңіз атқыштар бриадасының сарбаздары деп айтуға болады. Бомба түсіп, дәл осы жерде қаза тапқан 37 жауынгердің тізімі белгілі. Шамамен 18-22 жас аралығындағы 15 боздақ та солардың ішінде. Болашақта олардың аты-жөнін анықтап, ескерткіш тақта орнату, сонымен қатар қазба жұмыстарын жалғастыру көзделуде.

2 қазан сондай-ақ Бөкей ордасы ауданынан түлеп ұшқан Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың туған күні болғандықтан, оның ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

«Мәншүк апамыз небәрі 21 жасында қаза тапса, 15 жауынгер де оның тұрғыластары еді. Осындай өрімдей жастардың елді қорғау жолында жан бергенін біз, кейінгі ұрпақ ұмытуға тиісті емеспіз. Сталинград майданы тиіп тұрғандықтан, біздің аудан соғыс жағдайында деп жарияланды. Жау теміржол бойын үздіксіз бомбалап жатты, жауынгерлермен қатар тұрғындар да оққа ұшты. Алдағы жылы Жеңіске 75 жыл толады. Осы орайда аға буын ерлігі мәңгі үлгі болып қала бермек», - деді аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов.