Ақсай қаласында мейрамханаға қарақшылық шабуыл жасап, 4 млн астам теңгені қолды еткендер ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 4 ақпан күні орын алды.
Сағат шамамен 03.25-те Бөрлі ауданы полиция бөліміне «Алтын шатыр» мейрамхана кешеніне қарақшылық шабуыл жасалғаны жөнінде хабар түскен.
Оқиға орнына жедел тергеу тобы жетіп, қылмысты ашуға жеке құрам жұмылдырылды.
Кейін анықталғанындай, бетперде киген белгісіз екеу 1963 жылғы күзетшіні балтамен қорқытып, мейрамханы ашқызған. Содан кейін күзетшінің аяқ-қолын байлап, өзінің орнында қалдырған. Өздері касса тұрған жерден 2 металл сейфті жымқырып кеткен. Онда 1990 жылғы кәсіпкерге тиесілі 4 млн астам теңге мен құжаттар болған.
Күзетші аяқ-қолын босатып, мейрамхана кешенінің менеджеріне хабар берген. Ол полицияға жүгінген.
Жедел іздестіру шаралары барысында осы қылмысқа қатысы бар төрт күдікті қолға түсті. Олар Ақсай қаласының 1989 және 1990 жылғы тұрғындары болып шықты. Бұлардан ұрланған ақша мен қылмыс қаруы тәркіленді. Ұстау кезінде күдіктілердің ақшаны өзара бөлісіп үлгергені анықталды. Олар сейфті қайда лақтырып кеткендіктерін де көрсетті. Заттай айғақтар тәркіленіп, қылмыстық іске тіркелді.
Ұрланған қаржы түгелдей иесіне қайтарылды.
Сондай-ақ аталған топтың ресейлік есептегі «ВАЗ-21150» автокөлігімен жүргені белгілі болды.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 192-бабы 3-бөлігіне (қарақшылық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Күдіктілердің екеуі Бөрлі ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Барлық күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі шешілуде.