31 қаз, 2022 сағат 10:39

БҚО-да қаза тапқан экс-полицейдің туысы оқиға қалай болғанын айтты


Батыс Қазақстан облысында қаза тапқан экс-полицей Мейірхан Хамзинді жерлеу рәсімі өтті. Оны ақтық сапарға шығарып салу үшін жүздеген адам келген, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы "Мой ГОРОД" басылымына сілтеме жасап.

Мейірхан Хамзин бұған дейін ішкі істер органдарында, яғни Ақжайық аудандық полиция бөлімінің анықтаушысы болып жұмыс істеген. Қайғылы оқиға 26 қазанда түнде Ақжайық ауданы Чапаев ауылында болған.

Полиция департаменті мәліметінше, 51 жастағы күдікті жанжал кезінде полицейдің жүрегіне пышақ сұққан. Ол жедел жәрдемді күтпестен, медициналық мекемеге жеткізілген. 26 жастағы ер адам Ақжайық ауданының орталық ауруханасына жетпей қаза болған.

Жерлеу рәсімінде экс-полицейдің әпкесі Гүлфайруз Хамзина қайғылы оқиға қалай болғанын айтқан.

"Сол күні кешке інім досына моншаға барды. Ол сонда шомылып шыққан. Кейін досының ауласында такси күтіп тұрғанда, оған бейтаныс мас адам келген. Ол одан терезесін қағып-қақпағанын сұрай бастаған. Мейірхан ештеңе істемегенін айтқан, бірақ ер адам жанжалды жалғастырған. Содан кейін ол кетіп қалып, пышақпен келген. Ініммен бірге оның досы және досының күйеу баласы тұрған, олар мас адамды тыныштандыруға тырысқан. Бірақ ер адам оларға шабуыл жасай бастаған. Інім одан пышақты алғысы келген. Ол құлап, қайта орнынан тұрып, інімнің жүрегіне жарақат салған. Әлеуметтік желілердегі пікірлерді оқып жатырмыз. Бәрі не болғанын сұрайды. Бәрі шындықты білсін. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр, күдіктінің адвокаты істі кісі өлтіруден өзін-өзі қорғауға ауыстыру үшін қайта даярлауға тырысып жатыр", - дейді марқұмның әпкесі.

Мейірханның артында әпкелері, анасы мен әкесі, жұбайы және екі баласы қалған.