Батыс Қазақстан облысында боранның жиілеуі қарым-қатынасты қиындатып отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 24 қаңтар күні сағат 16.30-дан түнгі 23.45-ке дейін Жәнібек ауданы Ақоба ауылдық округінде «Ақоба-Жәнібек» жолының 15-25 шақырымында 2 жеңіл және 2 («УАЗ») жолаушылар көлігі қар құрсауынан шығарылды. Бұларда 23 адам болған.
Сол секілді 25 қаңтарға қараған түні сағат 00.00-де Сырым ауданында «Жымпиты-Ақсай» жолының 10-шақырымында 1 жеңіл көлік (3 адам) жолдың тазартылған бөлігіне жеткізілді.
Жыл басынан бері барлығы 184 көлік қар құрсауынан шығарылып, 201 адам құтқарылды. 162 адам эвакуацияланды.
Еске сала кетейік, кеше боранға байланысты БҚО-да жолдардың жабылғанын жазған болатынбыз.
Бүгін сағат 09.00-ден бастап республикалық «Қазталов-Жәнібек-РФ шекарасы», «Өнеге-Бисен-Сайқын», «Орал-Тасқала-РФ шекарасы» және облыстық маңызы бар «Тасқала-Аққурай-Болашақ» жолынан басқа жолдар ашылды.
Алайда БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметі бойынша қатты боранға байланысты сағат 10.00-ден бастап облыстық маңызы бар «Ақсай-Шыңғырлау», «Шыңғырлау-Лубен-Сегізсай» жолдары жабылды.