23 сәу, 2022 сағат 12:35

БҚО-да ит қабу жағдайлары көбейіп кетті


Батыс Қазақстан облысында ит қапқан тұрғындар саны артып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев мәлім еткеніндей, биылғы үш айда құтырма індеті бойынша жағдай тұрақты болғанымен, ит қауып, зардап шеккендер саны өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, 3 пайызға артқан.

Оның айтуынша, жыл басынан бергі үш айда жануарлардың тістеуі салдарынан 384 адам антирабиялық көмекті қажет еткен. Соның ішінде 73,4 пайызы иттен, 21 пайызы мысықтан, 3,1 пайызы өзге үй жануарларынан зардап шеккен.

Департамент басшысының сөзіне қарағанда, иттердің жойылмауы, дегельминтизациялау шараларының толық атқарылмауы салдарынан тұрғындар арасында паразиттік аурулар да өршіп отыр. Соның ішінде эхинококкоз ауруы көбеюде. Эхинококкоздың негізгі көзі – иттерге тексерудің дұрыс жүргізілмеуі. Бұралқы иттер паразит көзі (тасымалдаушысы) болуы және олармен тікелей қатынас кезінде адам ауру жұқтыруы мүмкін. 2021 жылы 8058 ит, 339 мысық ауланса, биылғы бірінші тоқсанда 1150 ит қана «торға түскен».

«Облыс бойынша эпидемиологиялық жағдай салыстырмалы түрде тұрақты болғанымен, ротавирусты энтерит 9,3 есе (3-тен 28-ге), желшешек 4,9 есе (183-тен 906-ға), қызамық 3,9 есе (41-тен 160-қа), сальмонеллез 2 есе (6-дан 12-ге), дерматомикоз 2 есе (8-ден 16-ға), аскаридоз 2 есе (4-тен 8-ге) жедел респираторлы вирусты инфекция 1,7 есе (11 740-тан 20 940-қа), созылмалы В вирусты гепатиті 1,6 есе (8-ден 13-ке), коронавирус 1,6 есе (5925-тен 9584-ке), жіті ішек инфекциясы 1,5 есе (17-ден 26-ға), созылмалы С вирусты гепатиті 1,3 есе (16-да 22-ге) көбейіп отыр. 

Қазіргі таңда карантиндік шектеу шараларының алынып тасталуына байланысты барлық нысандар қалыпты жұмыс жасауда. Осыған орай сальмонеллез, жедел ішек жұқпалары, дизентерия, басқа инфекциялар өсуі мүмкін деген болжам бар», - деді М.Арыспаев.