БҚО-да ескі тоңазытқыштың ішінен 5 жасар баланың денесі табылды, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
8 тамыз сағат 22:00 шамасында Бәйтерек ауданында орналасқан жеке үйдің ауласындағы Мир маркалы тоңазытқыштан 5 жасар баланың мәйіті табылды. Оның денесін анасы тапқан.
Әйелдің айтуынша, үш баласы көшеде ойнап жүрген. Бірақ кешке қарай үйге екеуі ғана оралған. Мұны білген әйел кіші ұлын бір сағат бойы аудан ішінен іздеген. Кейін үйінің ауласына кіріп, жұмыс істемейтін ескі тоңазытқыштан бүлдіршіннің денесін тапқан. Жас ана жедел жәрдем шақырғанымен, дәрігерлер сәбидің көз жұмғанын айтқан.
Медициналық сараптама қорытындысы бойынша, оның өліміне "тыныс алу жолдарының аспирациясынан туындаған механикалық асфиксия" себеп болғаны анықталды.
"Бұл кеңестік тоңазытқышта есіктің металл тұтқасында орналасқан автоматты құлыптау жүйесі бар. Егер сіз есікті итерсеңіз, құлып жабылып қалады. Тоңазытқыштың сыртындағы тұтқаны тартып алғанша тоңазытқышты ішінен ашу мүмкін емес", – деп хабарлайды Полиция департаментінің өкілі Дариға Мәжитова.
Сотқа дейінгі тергеу аясында баланың мәйітіне медициналық зерттеу тағайындалды. Аталған факт жазатайым оқиға ретінде тіркелді.
Жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін Полиция департаменті барлық ата-анаға кішкентай балалардың өміріне қауіпті болуы мүмкін, саяжайлар мен жеке аулаларда тұрған ескі тоңазытқыштарға ерекше назар аударуды сұрайды.