Коллаж: mgorod.kz
Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Ақбұлақ ауылына тасқын су кіріп, 44 адам эвакуацияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.
БҚО ТЖ департаментінің бастығы Ернұр Өтегеновтің айтуынша, оқиға аудан орталығы Ақсай қаласынан 25-30 шақырым қашықтықта орналасқан Ақбұлақ ауылында болған.
Дамбаны бұзып өткен тасқын су ауылдың екі көшесіне, алдын ала мәлімет бойынша оншақты үйге кірген. Оқиға орнынан 44 адам көшіріліп, олардың дені Ақсай қаласы мен аталмыш ауылдағы туысқандарына орналастырылған.
Департамент бастығының мәліметінше, осындай оқиға Қаратөбе ауданы Қоржын ауылында болған. Қазіргі кезде су қоршауында тұрған бұл ауылмен қатынас үзілген. Дегенмен бүгін ұшып шыққан тікұшақ Қоржынға да қонып, көмекке мұқтаж адамдарға жәрдем берілді.
Сол секілді Сырым ауданында Өлеңті өзені көтеріліп, Жымпиты ауылында екі үйге су кіріп, одан 6 адам шығарылды.
"Облыста Орал қаласына қоса сегіз ауданда қауіп бұлты сейіле қойған жоқ. Төтенше жағдайлар министрінің өкіміне сәйкес Атырау және Маңғыстау облыстарынан 101 адам 29 техникамен көмекке келмекші. Бұл қосымша күш қауіпті аумақтарға бөлінетін болады", - деді Өтегенов.
Облыс әкімінің орынбасары Ержан Балтаев жергілікті атқарушы органның резервінен 1,8 миллиард, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу, зардаптарын жою үшін 490 миллион теңге қаражат бөлінгенін жеткізді.
"Егер жағдай күрделенсе, Казталов, Қаратөбе, Тасқала сияқты аудандарда да табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялануы мүмкін", - деді Балтаев.
Бөрлі ауданы әкімдігі аудан бойынша барлығы 23 үйге су кіргенін хабарлады.