14 қар, 2019 сағат 13:20

БҚО-да браконьерлер қорықшыға оқ атып, өлтірмек болды

Батыс Қазақстан облысында қорықшыға оқ атып, өлтірмек болғандар ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оқиға 13 қараша күні Оралға қарасты Круглоозерный кенті маңында болды.

Қорықшы (егерь), 54 жастағы Геннадий Головотенконың айтуынша, браконьерлер мінген көлікті тоқтатып, қарамақ болған. Сол кезде екі ер адам мас күйінде бірнеше рет жұдырық жұмсаған. Содан кейін бірнеше рет оқ атқан. Бұл машинаның тасасына тығылып, аман қалған. Кейін оқиғаға орнына полиция жедел жеткен.

Орал қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Бисеновтің сөзіне қарағанда, сағат 00.00-де Круглоозерный кенті маңындағы дала жолында қорықшыға шабуыл жасалғаны жөнінде хабар түскен.

Жедел іздестіру шаралары барысында «ВАЗ-2109» автокөлігімен сытылып кетпек болған 32 жастағы екі күдікті қолға түсті. Олардың біреуі ұрлық пен бұзақылық жасағаны үшін бұрын сотталған, екеуі де Орал қаласының тұрғындары.

Қазіргі кезде ҚР ҚК 24-бабы - 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес (кісі өлтіруге оқталу) қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

Кейінірек сол маңнан «Нива» көлігімен тағы екі адам ұсталды. Салоннан оқ-дәрі мен еліктің ұшасы шыққан.