Батыс Қазақстан облысында 2026 жылы аталып өтілетін Бөкей хандығының 225 жылдығына орай дайындық іс-шаралары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің БАҚ өкілдерімен кездесуінде мәлім еткеніндей, Бөкей ордасы ауданындағы Хан ордасы музей-қорығы – еліміздегі киелі орындардың бірі.
1801 жылы Бөкей сұлтан қарамағындағы елмен Еділ мен Жайық аралығына өтсе, 1826 жылы Жәңгір Хан ордасының негізін қалағаны мәлім.
ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берген өңір басшысының айтуынша, тарихи орындарды жаңғырту жұмыстарын жалғастырумен қатар туристердің Хан ордасына қысы-жазы барып тұруы үшін жағдай да жасалуы қажет. Осы мақсатта қазіргі уақытта Бөкей ордасы ауданы бағытында құрылысы жүріп жатқан республикалық жолдан Хан ордасына қарай ұзындығы 25 шақырым кірме жол да салынады.
БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтің толықтырғанындай, Хан ордасы музей-қорығында биыл «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясының әлеуметтік инвестициясы есебінен визит орталығы мен әкімшілік орталығы құрылысы басталады. Бұған 413 млн теңге қаралған.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда музей қызметкерлері тарихи ғимараттардың ішінде отыр. Сондықтан қызмет аясын кеңейтіп, шаруашылық жұмыстарын ұйымдастыру үшін аталған нысандар бой көтереді. Сонымен қатар облыс әкімдігінен Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігіне 2023-2025 жылдарға үш жылдық бюджетке енгізу үшін тарихи нысандарды қайта жаңғырту мақсатында ұсыныстар берілді. Орал қаласындағы көне ғимараттарды қосқанда, бұған 1 млрд астам теңге керек.
Хан ордасы ауылы маңындағы Жәңгір хан, дәулескер күйші Дәулеткерей, қазақтың тұңғыш ғалымдарының бірі Мұхамед-Салық Бабажановтар жерленген пантеон ескірген, бұл да қайта жөнделеді.
«Бөкей хандығының 225 жылдығына орай халықаралық деңгейде ғылыми-практикалық конференция ұйымдастыру жоспарланып отыр. Оған қоса ойын-сауық, дала қызықтары, мәдени-спорттық шаралар міндетті түрде өтеді. Орал қаласында Бөкей ханға ескерткіш орнатыла ма? деген сауалға орай айтарымыз, егер тұрғындар, зиялы қауым өкілдері тарапынан нақты ұсыныстар түссе, қарастыратын боламыз», - деді Нарымбетов.