23 шіл, 2018 сағат 10:10

БҚО-да бірнеше мектеп қазақы атауға ие болды

Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында бірқатар мектептің атауы қазақыланды.

«Бұл өзгеріс идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар мен қайталанатын атауларды тарихи жер-су атауларына алмастыру аясында жүргізілді» дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 9 шілдеде шыққан №413 қаулысына орай Тасқала ауданындағы Вавилин бастауыш мектебі – Бастау, Жемшин бастауыш мектебі – Тоғайлы, Крутой негізгі мектебі – Ынтымақ, Кузнецов негізгі мектебі – Бірлік, Родник негізгі мектебі – Айнабұлақ, Семиглавый Мар орта мектебі – Достық, Совхоз мектеп-балабақшасы – Атамекен, Шипов орта мектебі – Мерей орта мектебі болып қайта аталатын болды.

Осылайша, шекарада жатқан елдімекендердің қазақы бет-бейнесі қалпына келіп, алдағы жаңа оқу жылында шәкірттер атауы жаңғырған мектеп табалдырығын аттайтын болды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан» газеті