16 мау, 2020 сағат 15:13

БҚО-да баланы ұрған мектеп директорына қатысты сот үкімі шықты

Батыс Қазақстан облысында баланы ұрған мектеп директорына қатысты үкім шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО сотының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға аудандардың біріндегі мектеп директорының қабылдау бөлмесінде болған.

Кезекші мұғалім сол жерге тәртіп бұзған М. есімді 11-сынып оқушысын шақырған. А. есімді мектеп директоры кезекші мұғалімнің көзінше жасөспірімнің бетіне, денесіне бірнеше соққы жасап, жеңіл дене жарақатын келтірген.

БҚО кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен аталған мектеп директоры ҚР ҚК 140-бабы 2-бөлігіне (қатыгездік танытумен ұласқан кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау) сәйкес айыпты деп танылды.

Директордың бірінші рет қылмыстық құқықбұзушылыққа барғаны ескеріліп, оған 80 АЕК көлемінде 202 мың теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ педагогикалық лауазымды қызметті және кәмелетке толмағандармен байланысты жұмысты атқарудан 2 жыл мерзімге шеттетілді. 

Сонымен қатар БҚО білім басқармасы басшылығы атына осындай құқықбұзушылықтың алдын алу, өңір мектептерінде білім алушыларға қауіпсіз кеңістік қалыптастыру, сала қызметкерлері арасында түсінік жұмыстарын жүргізу мақсатында жеке қаулы қабылданды. 

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.