Батыс Қазақстан облысында 451 мың гектар ауыл шаруашылығы жері пайдаланылмай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиевтің Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, 2019-2022 жылдары облыс бойынша 1 млн 389 мың гектар жердің пайдаланылмай жатқаны анықталған.
Соның ішінде биыл 196 мың гектардың игерілмегені белгілі болды.
Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 220 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Сондай-ақ 718 мың гектарды жер телімдерінің пайдаланушылары мақсатына сай игеруге кірісті.
М.Өмірәлиевтің айтуынша, ауыл шаруашылығы жерлеріне бақылауды күшейту мақсатында маңызды қадам жасалып, биыл бақылау қызметі орталық уәкілетті органға қайтарылды. Яғни жерді әкімдіктер бергенімен, оның пайдаланылуын бақылау мен қадағалау облыс деңгейінде құрылған жер ресурстарын басқару департаментіне жүктелді.
«Осыған орай пайдаланылмай жатқан 451 мың гектар жер телімдері бойынша материалдар аталған департаментке тексеру жүргізу үшін жолдануда. Сонымен қатар пайдаланылмай жатқан жерлерді айналымға енгізуді жеделдету және бақылауды күшейту мақсатында тексеру мен мәжбүрлеп алып қою мерзімі 2 жылдан 1 жылға қысқартылды», - деді басқарма басшысы.
Облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы жер көлемі 7 млн 756 мың гектар болса, соның 564,3 мыңы – егістік, 1,9 мыңы – көпжылдық екпелер, 536,1 мыңы – тыңайған жерлер, 500,5 мыңы – шабындық, 6097 мыңы – жайылым, 56 мыңы – өзге де алқаптар.
«Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің конкурс арқылы табысталатыны белгілі. Облыс көлемінде ауыл шаруашылығы жерлерін өндірістік қызметке тарту мақсатында 2021-2022 жылдар аралығында 67 конкурс өткізіліп, 3 мыңға жуық (2679) өтінім қабылданды. Нәтижесінде 499 мың гектарды құрайтын 677 жер телімі табысталды. Биыл аудандық әкімдіктер 80 мың гектарды құрайтын 133 жер телімі бойынша 12 конкурс өткізуді жоспарлап отыр», деді Өмірәлиев.