18 сәу, 2022 сағат 21:31

БҚО-да 4,5 тонна пішен мен екі қора өртенді


Батыс Қазақстан облысында 4,5 тонна пішен мен екі қора өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 18 сәуір күні Шыңғырлау ауданында болды.

Сағат 13.08-де Ащысай ауылдық округі Мырзақора елді мекенінде, өрт сөндіру бекетінен 30 шақырым жерде 4,5 тонна пішен мен екі шаруашылық құрылысы отқа оранды. 

Аумағы 225 шаршы метрді құраған өрт сағат 14.10-де оқшауланды. Қазіргі кезде өрт сөндіріліп жатыр.

Департамент мәліметіне қарағанда, сондай-ақ бүгін сағат 17.00-де Самара-Шымкент жолы бойында Теректі ауданы Ұзынкөл ауылы тұсында автокөлік өртеніп кетті.

Орал қаласында сағат 16.07-де Алматы көшесі 109/1-мекенжайында 5 қабатты үйде өрт болды. Бірінші қабаттағы пәтерде жеке заттар жанды. Оқиға орнынан пәтер иесі, 62 жастағы ер адам құтқарылып, ауруханаға жатқызылды. 

Сағат 16.32-де сөндірілген бұл өрт алдын ала болжам бойынша отпен абай болмаудан шыққан.