06 мам, 2020 сағат 15:41

БҚО-да 22 бас ірі қара малын ұрлаған ағайындылар ұсталды

Батыс Қазақстан облысында 22 бас ірі қара малды ұрлаған ағайынды екі күдікті ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, олар Қаратөбе ауданы Төлен ауылында 2016 жылдан бері осы кезге дейін мал ұрлығымен айналысқан. 

Қазіргі кезде 22 эпизодтан тұратын қылмыстық іс тергелуде.

Тергеу барысында ағайындылардың ауыл тұрғындарының жайылымында жүрген 22 бас ірі қарасын жасырын жымқырғаны, кейбіреуін осы күнге дейін тірі күйінде сақтап, ен таңбасын өзгертіп, өз аттарына меншіктеп алғаны анықталды. Осылайша жәбірленушілерге 4 млн 860 мың теңге шығын келтірген.

Іс барысында күдіктілердің қылмыстық іс-әрекетінен тапқан ақшасына сатып алынған автокөлік, ет таситын тіркеме тәркіленді. Басқа да дәлелдемелер алынып, іс құжаттарына тіркелді. 

Ұрылардың іс-әрекеті алдын ала сөз байласып, топтасып, бөтеннің малын бірнеше рет жасырын жымқыру ретінде сараланып отыр. 

«Істің кең көлемді әрі көп эпизодты болуына байланысты қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Соның қорытындысына сәйкес алдағы уақытта ҚР Қылмыстық процесс жүргізу кодексі аясында процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданатын болады», деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Белгібеков.