Сурет ашық дереккөзден алынды
Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданында қолдануға берілген жол бұзыла бастаған, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы "Уральская неделя" басылымына сілтеме жасап.
Казталов ауданы мен Әжібай ауылдарын байланыстырып тұрған тасжол 2022 жылдың күзінде салынған. Оған облыстық бюджеттен 208 миллион теңге бөлінген. Тасжол қолдануға тапсырылғаннан кейін бір айдан соң бұзылып, шұңқырлар пайда бола бастаған. Мамандардың сөзінше, мұндай жағдай сапасыз асфальт салынғандықтан болған.
Басылым мәліметінше, биыл көктемде мердігер компания тасжолды қайтадан жасауы қажет.
Ал Казталов ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Артур Берденовтің айтуынша, тасжол құрылысы аяқталғаннан кейін бәрі дұрыс болған.
"Бірақ бірнеше айдан кейін, шыны керек, жол бұзыла бастады. Мен салынған жолда ақау бар екенін ескертіп, акт жасадым және оны 4 қаңтарда мердігерге жібердім. Енді мердігер жолды қайтадан жасауы керек", - дейді Артур Берденов.